Адамның жасанды ДНҚ-сын нөлден бастап жасау жұмысы басталды

Адам өмірінің құрылымдық негіздерін нөлден бастап жасауға бағытталған даулы жоба басталды
Бұл зерттеу осы уақытқа дейін тыйым салынған тақырып болды, себебі ол «тапсырыспен жасалатын сәбилерге» немесе болашақ ұрпақ үшін болжап болмайтын өзгерістерге әкелуі мүмкін деген алаңдаушылықтар болды.
Алайда әлемдегі ең ірі медициналық қайырымдылық ұйымы — Wellcome Trust қоры жобаны бастау үшін бастапқыда 10 миллион фунт стерлинг бөлді. Олар бұл зерттеу жазылмайтын ауруларды емдеуді жеделдету арқылы зиянынан гөрі пайдасы көбірек болады деп есептейді.
Жобаға қатысушы, Кембридждегі Молекулалық биология MRC зертханасынан доктор Джулиан Сэйл BBC News-ке бұл зерттеудің биология саласындағы кезекті алып қадам екенін айтты.
«Мүмкіндіктер шексіз. Біз адамдардың қартайған кездегі өмір сапасын арттырып, оларды ауру-сырқаудан аман сақтайтын терапия түрлерін жасауды көздеп отырмыз.
Бұл әдісті бауыр, жүрек және тіпті иммундық жүйе сияқты зақымданған мүшелерді қайта қалпына келтіру үшін ауруға төзімді жасушалар жасау мақсатында қолданғымыз келеді», — деді ол.
Алайда сыншылар бұл зерттеу адал ниеттен айрылған ғалымдардың жетілдірілген немесе өзгертілген адамдарды жасауына жол ашуы мүмкін деп қорқады.
Beyond GM тобының жетекшісі Пэт Томас:
«Біз барлық ғалымдар игі мақсатпен жұмыс істейді деп ойлағанды ұнатамыз, бірақ ғылым да жаман мақсатта, тіпті соғыс үшін де қолданылуы мүмкін», — деді.
Жобаның егжей-тегжейі BBC News-ке Адам геномын толық секвенирлеу жобасының (Human Genome Project) аяқталғанына 25 жыл толуына орай жарияланды. Бұл жобаның көп бөлігі де Wellcome қоры тарапынан қаржыландырылған болатын.
Біздің денеміздегі әрбір жасуша (қызыл қан жасушаларынан басқа) ДНҚ деп аталатын молекуланы қамтиды. Ол жасушаға қажет барлық генетикалық ақпаратты сақтайды.
ДНҚ тек төрт кішкентай блоктан тұрады — A, G, C және T — және олар әртүрлі комбинацияда қайталанып отырады. Таңқаларлығы, дәл осы комбинациялар біздің физикалық болмысымызды анықтайды.
Геном жобасы ғалымдарға адам гендерін штрих-код сияқты оқуға мүмкіндік берді. Енді басталған жаңа жоба — Синтетикалық адам геномы жобасы — бұл мүмкіндіктерді жаңа деңгейге көтермек. Бұл зерттеу ДНҚ-ны тек оқып қана қоймай, оны молекуладан молекулаға дейін синтездеп, толықтай жасап шығаруға жол ашады.
Ғалымдардың алғашқы мақсаты — адам ДНҚ-сының барған сайын ірі бөліктерін синтездеу әдістерін әзірлеу, нәтижесінде толық синтетикалық адам хромосомасын жасау. Хромосомалар — біздің дамуымызды, қалпына келуімізді және ағзамыздың жұмыс істеуін басқаратын гендерді қамтиды.
Бұл синтетикалық хромосомалар арқылы ғалымдар гендер мен ДНҚ-ның біздің ағзамызды қалай басқаратынын зерттей алады.
Wellcome Sanger институтының директоры, адам геномы жобасының ең үлкен бөлігін секвенирлеген профессор Мэттью Херлс:
«ДНҚ-ны нөлден бастап жасау бізге оның қалай жұмыс істейтінін және жаңа теорияларды сынауға мүмкіндік береді, өйткені қазір біз тек тірі жүйелердегі бар ДНҚ-ны өзгерту арқылы ғана тәжірибе жасай аламыз», — дейді.
Жобаның барлық жұмыстары зертханалық пробиркалар мен ыдыстарда жүргізіледі, синтетикалық тіршілік иелерін жасау жоспарда жоқ. Дегенмен, бұл технология зерттеушілерге адам жүйесін басқаруда бұрын-соңды болмаған мүмкіндік береді.
Жоба медициналық пайда әкелуді көздегенімен, бұл технологияны жаман ниетті ғалымдардың теріс пайдалануға мүмкіндігі жоқ емес.
Мысалы, олар биологиялық қару, жетілдірілген адамдар немесе адам ДНҚ-сын қамтитын тіршілік иелерін жасауға тырысуы мүмкін, дейді Эдинбург университетінің жасанды адам хромосомаларын жасау әдісін ойлап тапқан беделді генетик профессор Билл Эрншоу.
«Бұл — бөтелкеден шыққан жын сияқты. Біз ережелер мен шектеулер енгізе аламыз, бірақ егер белгілі бір ұйым қажетті жабдыққа қол жеткізсе, олар қалаған нәрсесін синтездей алады — біз оны тоқтата алмаймыз», — деді ол BBC News-ке.
Пэт Томас сонымен қатар бұл технологиядан туындайтын емдеу әдістерін денсаулық сақтау компаниялары қалайша коммерцияға айналдыратынына алаңдайды:
«Егер біз синтетикалық дене мүшелерін немесе тіпті синтетикалық адамдарды жасай алсақ — олар кімге тиесілі болады? Ал олардан алынатын мәліметтердің иесі кім?» — дейді ол.
Технологияның теріс қолданылу қаупін ескере отырып, Wellcome қоры неге бұл жобаны қаржыландыруға келіскені — орынды сұрақ. Бұл шешім оңай қабылданбаған, дейді жобаны қолдауға рұқсат берген доктор Том Коллинз.
«Біз өзімізден: әрекет етпеу бағасы қандай болады? — деп сұрадық», — деді ол BBC News-ке.
«Бұл технология ерте ме, кеш пе, бәрібір дамиды. Сондықтан оны қазірден бастап жасап, оны барынша жауапты жолмен дамытып, этикалық және моральдық мәселелерге бетпе-бет келген жөн».
Жобамен қатар әлеуметтік ғылымдар саласында да арнайы бағдарлама іске асады. Оны Кент университетінің социологы профессор Джой Чжан басқарады.
«Біз сарапшылардың, әлеуметтік ғалымдардың және ең бастысы — халықтың осы технологияға деген көзқарасын, ол олардың өміріне қалай пайда әкелуі мүмкін екенін және қандай сұрақтар мен алаңдаушылықтар бар екенін білгіміз келеді», — деді ол.
Көзі: bbc.com